Еркін Әуелбековке – 95 жыл: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде қайраткерге арналған көрме өтті

2025 жылғы 24 маусым күні сағат 15:00-де Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің туғанына– 95 жыл толуына орай архивтік құжаттар негізінде «Отанның – адал ұлы Еркін Әуелбеков» көрмесі өтті.

Көрмеге ҚР Президент архивінен, Ақмола облысының мемлекеттік архивінен, Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалынан, Қостанай облысының мемлекеттік архиві мен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивтер қорларынан Еркін Нұржанұлының өмірі мен қызмет жолына қатысты құнды құжаттар алғаш рет қойылған.

Бекзат болмыс Еркін Әуелбековтің есімі алыс-жақындағы жұртқа етене таныс. Көкшетау, Торғай, Қызылорда өңірлерінде басшылық қызметте жүріп ұлан-ғайыр еңбек атқарды. Кеңестік жүйенің сызған шеңберінен шығып, қара ормандай халықтың көкейіндегі үнін тыңдай білді. Басқан ізінен әділдіктің, адалдықтың қызғалдағы көктеп шыққан қайраткердің әр ісі ұрпаққа үлгі, кейінгіге ұлағат. Қарапайымдылығы мен қажырлы болмысы ешқашан ұмытылмайды.

Scroll to Top