2025 жылғы 26 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда, Новоишимка ауылында Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің туғанына 95 жыл толуына орай іс-шаралар өтті.
Бағдарлама Новоишимка ауылының орталық алаңында орнатылған Е.Н. Әуелбековтің бюстіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімімен басталды. Салтанатқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың өкілдері, туыстары, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Күннің басты оқиғаларының бірі – «Еркін Нұржанұлы Әуелбеков – Ұлт мүддесіне адал ғұмыр» деген атаумен өткен республикалық ғылыми-теориялық конференция болды. Конференцияны Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Ж.Р. Жұмағұлов облыс әкімінің құттықтау сөзімен ашты.
Конференцияның модераторы ретінде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.З. Мәлікова қатысып, «Еркін Әуелбеков — Дара тұлға» атты баяндама жасады.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә.Қ.Бәкір, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Қ.Қ.Қалиев, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Ш.Алиев, Республикалық «Тіл сақшысы» газетінің кеңесінің мүшесі С.Ә.Ансат, інісі Б.Н.Әуелбеков, аудандық «Есіл өңірі» газетінің бірінші редакторы Ш.Е.Салықова, ауданның Құрметті азаматы, Құрметті мұғалімі М.М.Тасмағанбетова, сондай-ақ ғалымдар, тарихшылар, аудандық филиал директорлары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция аясында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен архивтік құжаттар негізінде «Отанның – адал ұлы Еркін Әуелбеков» атты көрме өткізілді. Көрмеге ҚР Президент архивінен, Ақмола облысының мемлекеттік архивінен, Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалынан, Қостанай облысының мемлекеттік архиві мен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивтер қорларынан Еркін Нұржанұлының өмірі мен қызмет жолына қатысты құнды құжаттар алғаш рет қойылды.
Өткізілген іс-шаралар тарихи жадыны сақтау мен рухани мұраны насихаттауға зор үлес қосып, жастардың өз тарихы мен мәдениетіне деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпал етті.








