Солтүстік Қазақстан Алтын Орданың далалық коммуникациялар жүйесінде

2026 жылғы 11 қыркүйекте М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың жаңа оқу корпусында «Солтүстік Қазақстан Алтын Орданың далалық коммуникациялар жүйесінде» тақырыбында ғылыми дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шараға Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.З. Мәликова «Ұлы Ұлыс тарихындағы Қызылжар өңірі» тақырыбындағы баяндамасымен қатысты.

Іс-шараның мақсаты – Солтүстік Қазақстан өңірінің Алтын Орда дәуіріндегі дала өркениеті жүйесіндегі тарихи рөлін қарастыру, сондай-ақ Жошы ұлысының мұрасын зерттеу саласындағы отандық және шетелдік ғылымның ең өзекті жетістіктерін кеңінен насихаттау болды.

Іс-шараға еліміздің көрнекті ғалымдары да қатысып, қарастырылып отырған тақырып бойынша ең өзекті ғылыми зерттеулермен таныстырды. Ғылыми дөңгелек үстелге облыс әкімдігі мен университет басшылығының өкілдері, сондай-ақ еліміздің жетекші зерттеушілері қатысты. Олар дөңгелек үстел тақырыбына қатысты жан-жақты ғылыми көзқарастарын ұсынды. Атап айтқанда, С. З. Мәликова, А. А. Плешаков, Ж. М. Сабитов, З. К. Картова және басқа да ғалымдар сөз сөйледі.

Баяндамашылар Қызылжар өңірінің Алтын Орда жүйесіндегі маңызы, Солтүстік Қазақстандағы ортағасырлық археологиялық ескерткіштер, өңіріміздегі тарихи тұлғалардың Жошы ұлысының мемлекеттік жүйесіндегі рөлі және басқа да өзекті мәселелерді қарастырды.

Grayscale: ON
Scroll to Top